«Құсмұрын», «Құсқанат», «Құсмойын», «Кұстаңдай»,«Қаз мойын»

 

 

Қазақтардың ою-өрнек өнерінде «құс» тақырыбы үлкен орын алады: «құсмұрын», «құсқанат», «құсмойын» т. б. Әлемнің көптеген халықтары үшін құс – аспан жаратылысы, Жоғарғы әлемнің өкілі. Түркі мифопоэтикасында құс еркіндікті, бақытты бейнелеп, ізгілік күштерін білдіреді. Сүйікті бейнелердің тұтас пантеоны көзге түседі: суда жүзетін құстар (аққу, үйрек және т. б.), аңшылық кәсіптік құстар (бүркіт, қыран және т. б.), сайраушы құстар (бозторғай, бұлбұл және т. б.). Ерекше қатарда мифтік «самұрық» құсы – жаратушы, дүниенің жаңа жаратылысының құсы, Ғаламдық ағаш Бәйтеректің құсы, Демиург құсының ең көне космогониялық бейнесі, ежелгі ирандық және көне түркілік дәуірдің мифопоэтикасының танымал бейнесі.

Негізінен құстар әйелдік бастаумен байланысты, ғарыштық рухты бейнелейді, көбінесе демиург рөлін атқарады. Мысыр, Месопотамия, Греция, Қытай және Сібір, Оңтүстік Америка және т. б. мәдениеттерге тән құс түріндегі жан түсінігімен байланыс байқалады. Қазақ фольклоры да жан-құс (әдетте ақындарға, әншілерге арналған) дәлелдеріне бай. Құстар туралы алғашқы ататектер ретінде, тайпаның, рудың тотемдері туралы пайымдаулар кең таралған. Құстардың ғұрыптар мен рәсімдерде алатын орны ерекше.

 

 

 

 


Өрнектің өзі және оның туындылары қазақ мәдениетінде күшті тұмар болып саналады. Дәстүрлі мәдениетте «құсмұрын» деп аталатын сақинаны тек бойжеткендер тағатын, ал қыздардың, балалардың, сал-серілердің бас киімдеріне тігілген, домбыраға, бесікке, т. б. ілінген үкінің қауырсындары тұмар ретінде қызмет еткен. Бұл олардың жоғары мәртебесін көрсеткен.

«Құстаңдай» ою-өрнегімен тек ділмарлардың (шешен, би) және ақындардың киімдерін әшекейлеген, бұл зор дауыстылықты білдірген.

Түркі мәдениетінде қаздар мен аққулар көбінесе берілгендікті, адалдық пен сүйіспеншілікті бейнелейтін. «Қаз мойын» ою-өрнегі – қалыңдықтың жасауына арналған сандықтарды әшекейлеу үшін жиі қолданылған, көлденең безендірілген S-тәрізді фигура. Аққулар түркі мифологиясындағы барлық су құстары сияқты бір уақытта екі дүниеге, яғни Жоғарғы және Төменгі әлемдерге қатысты болды. Көптеген мифтерде көне түркі құдайы Ұмай аққу қыздың бейнесі ретінде көрінеді. Аққу шаман-бақсылар мен сал-серілердің тотемі болуы мүмкін.

 

.