Сүйек

 

 

Мал сүйегі қазақ мәдениетіндегі көп мәнді нышан. Кейбір жағдайларда ол шығармашылық үшін материал ретінде әрекет етеді, басқаларында ол көптеген салт-дәстүрлер мен мифологиялық көріністерге «қатысушы» болып көрінеді. Қазақтардағы сүйек өлім және ондағы мәңгілік өмір, өміршеңдік идеяларымен мағыналық байланыста. Барлық түркі халықтарында сүйек ұрпақтардың генетикалық байланысын да білдіреді.

 
Бұл түсініктер басқа халықтар арасында да кездеседі. Мысалы, обь угрлары сүйекті адамның өмірлік күштерімен байланыстырады, ал хакастар сүйек адамның жанымен байланысты деп есептейді.

 
Жануарлардың сүйектері салт-жоралар мен ойындардың белсенді «қатысушылары» болып табылады: жылқының бас сүйегі және басқа сүйектер (қойдың жауырыны) түркі халықтарының шамандық және емшілік тәжірибесінде қолданылған. Этнографиялық және археологиялық жәдігерлер бір кездері жауырынмен бал ашу сәуегейлігінің кең таралған тәжірибесін көрсетеді. Бұл тәжірибеде білікті адам жаурыншы деп аталған. Көріпкелдік үшін жауырынды отқа күйдірген. Сәуегейлік сүйекке түскен жарықшақтарға (көлденең және бойлық) және олардың санына байланысты жүзеге асырылды.

 
Қазақтардың түсінігінде шынтақ сүйегі – мағыналық аудармасы «кәрі жілік»  өте киелі болып саналады. Ол отбасы – ошақ қасының, жолаушылар мен малдың жебеушісінің нышаны болып табылады. Ертеде киіз үйдің есігіне «қорғаушы тұмар» ретінде іліп қоятын. Кейбір мамандар кәрі жілік малшылық сиқырдың (жылқыларды қорғау) элементі болған, сонымен қатар тұрғын үйдің шекарасын күзеткен деп есептейді.

 
Сүйектің киелі түсінігі дәстүрлі қолөнерде де көрініс тапты. Сүйек оюшы шеберлер жануарлардың сүйектерін – ірі-қара малдың, жылқылардың, түйелердің, қойлар мен ақбөкендердің мүйіздерін, жауырындарын, жіліншіктері мен қабырғаларын өңдеу құпиялары мен қыр-сырын меңгерген. Шеберлер арасында асыл піл сүйегінің түсіне жақын түйе сүйектері өте танымал болды. Түрлі жиһаздар мен киіз үйдің есігі сүйекпен өрнектеліп, ұсақ-түйектер – тарақтар, гигиеналық заттар және т. б. жасалды.

.