Түркі мәдениетіндегі жол символикасы Сапарды – қайтымды (өмірлік) және қайтымсыз (өлілер патшалығына) түсінумен байланысты. Түркі эпосының кез келген қаһарманының қайтымды сапары туған үйінің табалдырығынан басталады, ол тұсау кесудегі қазақ салтының жәдігерлерінде сақталған. Қайтымсыз сапар, сәйкесінше, Ерлік патшалығына, яғни өлілер патшалығына апаратын жол.
Ертеде қазақтарда «ала жорға мінген жол құдайы», «қара жорға мінген жол құдайы» деген нанымдар болған. Мысалы, қарт адам өзінің жасы туралы сұраққа жауап бергенде қара-жорғамен Сапарға аттанудың таяп қалғандығын айтқан.
М.М. Содномпилова көшпенділердің мифопоэтикалық санасында жол – бұл көшпелі бірлестіктердің басшылары тайпаның немесе рудың ауқымында әке салған жол деп атап көрсетеді. Отағасы отбасының көшпелі бағытын әзірледі, ал оның ұлдары бұл жолды мұра етті [7, 97 б.]. Мұндай Жол идеясының мұрасы – кең мағынада ата-баба жолын сақтау (жолдар, маршруттар, өмір таңдауы, көшпенділер тарихы).
Әлемдік мәдениеттегі қиылыстың символикасы полярлық мағынаға ие, бір жағынан оларда ежелгі қалалар жобаланып, храмдар немесе пирамидалар тұрғызылған. Екінші жағынан, қиылыстар нашар атаққа ие болды – бұл зиянды тіршілік иелерінің шоғырланған жері. Ежелгі гректер арасында қараңғылықтың, түнгі көріністердің және сиқырлықтың құдайы Геката оның жын-шайтаны болып саналды, ал римдік дәстүрде тривияның үш жолының құдайы туралы сенім болған. Қиылыстың киелі орын ретіндегі маңызын Еуропа халықтары арасында кең тараған салттар мен ғұрыптар көрсетеді. Бұл залалды, тіл-көзді кетіретін және керісінше, ауру әкелетін, қарғыс айтылатын орын болды.
Түркі мифологиясында жол қиылыстары мен айырықтар өзіндік нышандық рөл атқарды. Жол қиылысы бір-бірін толықтыратын, екі жақты ұғымдардың қарама-қайшылығын біріктіреді: «өмір мен өлім», «жақсылық пен жамандық». Алтайлықтар мифологиясында– он жеті жолдың торабындағы сот пен жазаны орындаған Ульген мен Ерлік еарасындағы делдал Кагыр-ган (Каарган) бейнесі бейнеленген. Қиылыстың маңыздылығын оларға көне түркі стелаларын – жазу ескерткіштерін орнату дәстүрі де ерекше көрсетеді. Мұндағы жол қиылысы төрт негізгі бағыттың ортасын бейнелейді.
Мұндай түсініктердің өзіндік жаңғырығы – қазақтың көне керуен қатынасы жолында немесе елді мекендер/тұрақтар арасындағы қиылысатын жолдарда мазар тұрғызу дәстүрі, ол утилитарлық мағынада даланың шексіз кеңістігіндегі саяхатшылар үшін бағдар ретінде де қызмет етті.